Жетісу облысында ауқымды экологиялық шара ұйымдастырылды
Жетісу облысында “Аңшы мен балықшы — таза табиғат үшін” акциясы өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Таза Қазақстан республикалық экологиялық акциясы аясында Жетісу облысында “Аңшы мен балықшы — таза табиғат үшін” атты ауқымды экологиялық шара ұйымдастырылды. Іс-шара Қаратал ауданының Байшегір және Қызылбалық ауылдық округтерінің аумағында өтті.
Акцияны Жетісу облысының табиғатты қорғау полициясы, Балқаш — Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, Көліктік бақылау инспекциясы, Жетісу облысының Орман шаруашылығы және Талдықорған өңіраралық аңшылар мен балықшылар қоғамының өкілдерімен бірлесе ұйымдастырды.
Шараның басты мақсаты — су айдындары мен аңшылық алқаптарда қалған балық аулау торларын және тұрмыстық қалдықтарды тазарту болды. Акцияға 80-нен астам адам қатысты. Жұмыстарға 15 техника және 20 қайық жұмылдырылды.
Нәтижесінде бірлескен күшпен шамамен үш шақырым балық аулау торы және екі тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы орындарға шығарылды.
Іс-шара барысында ауылдық округтердің тұрғындарымен кездескен ұйымдастырушылар Жетісу облысы аумағындағы су айдындарында балық аулауға тыйым салу мерзімдері туралы еске салып, табиғатты қорғау заңнамасын сақтау маңыздылығын атап өтті.
Мұндай бастамалар табиғатты қоқыстан тазартуға ғана емес, сонымен бірге халық арасында қоршаған ортаға деген жауапты көзқарасты қалыптастыруға бағытталған.