Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында ауқымды жастар форумы ұйымдастырылды

Жетісу облысының полиция департаменті мен әкімдігі бірлесіп, Талдықорғанда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған ауқымды жастар форумын ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл іс-шараға облыс орталығының 500-ден астам мектеп оқушысы мен студенттер қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс мәселесі туралы хабардарлықты арттыру болды. Қатысушылар жасөспірімдер жиі жасайтын құқық бұзушылық түрлері мен олардың ауыр салдары туралы ақпарат алды.

Жетісу полицейлері мен шақырылған сарапшылар жастарға заңды сақтаудың маңыздылығы, өз әрекеттері үшін жауапкершілік алу және құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін жағдайлардан аулақ болу керектігі туралы айтып берді. Сонымен қатар, буллинг, киберқылмыс және олардың жасөспірімдерге әсері тақырыптары талқыланды.

Форум аясында жасөспірімдер үшін арнайы көрсетілімдер ұйымдастырылды. Жедел қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері өз шеберліктерін көрсетіп, сондай-ақ оқушылар төрт аяқты тәртіп сақшыларының жұмысын өз көздерімен көріп танысты.

Ұйымдастырушылар жастар арасындағы қылмыстың алдын алу – қоғамның басты міндеттерінің бірі екенін ерекше атап өтті. Полиция департаменті, әкімдік және білім беру мекемелерінің бірлескен күш-жігері өсіп келе жатқан ұрпақ үшін қауіпсіз орта құруға бағытталған.

Форум құқық қорғау органдары мен жастар арасындағы диалогты нығайтуда маңызды қадам болды. Ашықтық, өзара түсіністік және ағартушылық – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс мәселесін шешудің негізгі құралдары екенін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру