Жетісу облысында «Біз алаяқтық пен интернет-алаяқтыққа қарсымыз!» ұранымен ауқымды акция ұйымдастырылды
Жетісу облысында «Біз алаяқтық пен интернет-алаяқтыққа қарсымыз!» ұранымен ауқымды акция ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорғанда «Қос Қанат Жетісу» қоғамдық бірлестігі мен облыстық полиция департаменті бірлесіп, «Біз алаяқтық пен интернет-алаяқтыққа қарсымыз!» ұранымен ауқымды акция ұйымдастырды. Бұл маңызды іс-шараға мектеп оқушылары, студенттер мен аға буын өкілдері қатарынан жүздеген адам қатысты.
Акция барысында қатысушылар интерактивті тапсырмалар арқылы алаяқтардың әрекет ету әдістерін және олардан қорғану жолдарын үйренді. Жастар сканвордтар шешіп, ребустар құрастырып, викториналарға қатысу арқылы өз білімдерін жетілдірді. Белсенділігімен көзге түскен қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталып, шараға ерекше көңіл-күй мен серпін берілді.
Сондай-ақ барлық қатысушыларға алаяқтық пен кибершабуылдан қорғану бойынша практикалық кеңестер қамтылған 1000-нан астам ақпараттық жаднамалар мен кітапшү таратылды.
Бұл акция «Талдықорған қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ қолдауымен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өтті. Ол азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және алаяқтыққа қарсы күресте бірлескен күштің маңыздылығын көрсетуге бағытталды.