Жетісу облысында есірткі жарнамаларына қарсы күрес жүргізілуде
Жетісу облысында есірткі жарнамаларына қарсы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Жетісу облысында полицейлер 19 профилактикалық іс-шара өткізіп, шара барысында есірткіге қатысты сілтемелері бар 67 граффити жазбасы жойылды. Сонымен қатар есірткі құралдарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау фактілері бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды.
Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстардың келесі кезеңі "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өтті. Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Талдықорған қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімімен және қалалық прокуратурамен бірлесіп "Біз есірткіге қарсымыз! Есірткісіз өмір!" атты акция өткізді.
Басты мақсат — қаланы есірткіні насихаттайтын көріністерден тазарту және қоғам назарын осы өзекті мәселеге аудару. Акцияға қала колледждерінің 47 еріктісі, жастар қанаты "Жастар рухы" мен "Талдықорған жастары" ұйымдарының 14 белсендісі қатысты. Қатысушылардың бірлескен күшімен 11 граффити жазуы анықталып, тексерістен кейін сол жерде боялды.
Бұдан бөлек, полицейлер мен еріктілер қала тұрғындарымен профилактикалық әңгімелер өткізіп, ақпараттық парақшалар мен жадынамалар таратты. Жадынамада тұрғындарға үйлердің қабырғаларына, қоршауларға және басқа да нысандарға граффити, QR және штрих-кодтар, парақшалар арқылы есірткіні жарнамалау жағдайларының жиілегені туралы ескертілді. Полиция өкілдері атап өткендей, есірткі қаупіне қарсы күрес — бір реттік шара емес, әр азаматтың қатысуын қажет ететін тұрақты жұмыс.
Бірлескен күш-жігер — қауіпсіз және тұрақты қоғам құру жолындағы алғашқы қадам. Әрбір боялған граффити — зұлымдыққа қарсы кішкентай жеңіс, — дейді Жетісу облысы полиция департаментінің өкілдері.