Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында есірткіге қарсы іс-қимылдың нақты нәтижелері айтылды

Жетісу облысында "Қарасора - 2025" жедел алдын алу іс-шарасы мен нашақорлыққа қарсы айлықтың қорытындылары жарияланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Баспасөз брифингі Талдықорған қаласындағы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өтті. Іс-шараға Жетісу облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ельдар Абдикенов пен есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Сейсенбеков қатысты.

Брифинг барысында 2025 жылдың басынан бері облыс аумағында есірткіге қатысты 93 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелгені айтылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,4 пайызға жоғары. Анықталған деректердің ішінде 50 есірткі қылмысы, 25 есірткі сату фактісі, 9 аса ірі көлемде сақтау жағдайы, 10 есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру оқиғасы, екі есірткі насихаты мен жарнамасы фактісі бар.

Іс-шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 78 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде шамамен 38 келі марихуана, 15,3 келі синтетикалық зат және 20 келіден астам жабайы өскен қарасора алынған.

Сонымен қатар интернет кеңістіктегі есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылды. Цифрлық мониторинг нәтижесінде Telegram мессенджерінде әрекет еткен 1 458 сайттың қызметі тоқтатылып, 172 банктік есепшот бұғатталды. Бұл шаралар арқылы 23 миллион теңгеден астам қаражаттың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды.

Полиция тарапынан жастар, студенттер және жалпы халық арасында профилактикалық жұмыстар жалғасын табуда. Айлық аясында дәрістер, дөңгелек үстелдер, оқушылармен кездесулер, флешмобтар, акциялар мен фестивальдер сияқты ондаған іс-шара ұйымдастырылды.

Есірткіге қарсы күрес — полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Жетісу облысының полиция департаменті тұрғындарды есірткі заттарының заңсыз айналымына бейжай қарамауға және күмәнді жағдайлар туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру