Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында интернет-алаяқтықпен күрес күшейтілді

Жетісу облысында интернет-алаяқтықпен күрес күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысында киберқылмыстардың жолын кесу бағытында белсенді және жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Биылғы жылдың алғашқы бес айында өңірде 215 интернет-алаяқтық фактісі тіркеліп, соның 54,2 пайызы ашылды. Бұл – киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының үйлесімді іс-әрекетінің нәтижесі.

Жүргізілген жедел шаралардың арқасында 117 млн теңгеден астам заңсыз қаржы айналымы тоқтатылып, оның 12,2 миллионы жәбірленушілерге қайтарылды. Басқарма құрылғалы бері алаяқтық жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып келген екі ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, 75 және 38 эпизодтан тұратын қылмыстық істер сотқа жолданды.

Сондай-ақ жасырын байланыс орнату үшін қолданылған прокси-серверлер мен Sim-box құрылғылары анықталып, 50 мыңнан астам SIM-карта тәркіленді.

Азаматтарды интернеттегі алаяқтықтан қорғау мақсатында профилактикалық шараларға басымдық берілуде. Полиция қызметкерлері еріктілер мен қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. QR-код арқылы бейнематериалдарды көруге мүмкіндік беретін 85 мыңнан астам жадынама таратылды.

Интернет кеңістігіндегі заңсыз контентке де тосқауыл қойылып, 2 мыңнан астам сайт бұғатталды, 642 бейнеролик жарияланды. Сонымен қатар, бірқатар ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалып, киберқауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл нығайтылды.

Жетісу полицейлері тұрғындарды онлайн кеңістікте қырағылық танытып, күмәнді сілтемелер мен ұсыныстарға сенбеуге шақырады. Цифрлық алаяқтықпен күрес – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру