Жетісуда жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шара өтті
Жетісу облысында кәмелетке толмағандардың арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық іс-шара өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Көкжазық ауылындағы "Айналайын" жазғы сауықтыру лагерінде "Нашақорлық – тек жеке емес, ұлттық қайғы" ұранымен өтті. Бұл кездесуді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмыстарымен күрес басқармасы, кеңес мүшелері және қоғамдық ұйымдар бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесуге "Қос қанат" үкіметтік емес ұйымының психологы Е.Пискунова, облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері Т.Мұхамеджан, сондай-ақ "AMANAT" партиясы жанындағы "Жастар рухы" жастар қанатының өкілі қатысты. Олар балалармен ашық әрі мазмұнды диалог жүргізіп, салауатты өмір салты мен зиянды әдеттерден аулақ болудың маңызын түсіндірді.
Іс-шара барысында тәрбиеленушілерге арналған мазмұнды бағдарлама ұйымдастырылды. Атап айтқанда, сурет байқауы, интерактивті ойындар, спорттық эстафеталар мен баскетбол жарыстары өткізіліп, балалардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасалды. Бұл ойын-сауық элементтері профилактикалық жұмыспен шебер үйлестіріліп, жасөспірімдердің өмірлік ұстанымдарына оң әсер етті.
Полиция департаментінің өкілдері балаларға есірткі мен психотроптық заттардың зияны туралы кеңінен әңгімелеп, құқықтық сауаттылықтың, құқық қорғау органдарына сенім білдірудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Кездесу соңында кеңес мүшелері тәрбиеленушілерге зиянды әдеттерден арылудың жолдарын ұсынып, спортпен шұғылдану, жеке қасиеттерді дамыту және адами құндылықтарды сақтау қажеттігін атап өтті.
Профилактикалық шараға барлығы 115 бала қатысты. Байқау қорытындысы бойынша белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Мұндай бастамалар жас ұрпақты есірткіден аулақ болуға тәрбиелеуде, олардың дүниетанымын кеңейтіп, азаматтық жауапкершілігін арттыруда үлкен рөл атқарады.