Жетісу облысында киберполиция медицина қызметкерлеріне профилактикалық кездесу өткізді
Жетісу облысында киберполиция медицина қызметкерлеріне профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көпсалалы ауруханада медицина қызметкерлері үшін киберполиция қызметкерлерінің қатысуымен цифрлық сауаттылықты арттыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу өтті. Дәріс барысында мамандар азаматтарды алдаудың жаңа әрі ең кең таралған тәсілдері туралы жан-жақты түсіндірді.
Сондай-ақ "1414" нөмірінен келетін хабарламаларға тоқталды. Алаяқтар өздерін медициналық мекеме қызметкері ретінде таныстырып, қабылдауға жазылуды ұсынады. Жазылуды растау сылтауымен олар SMS арқылы келген кодтарды айтуын сұрап, нәтижесінде азаматтардың жеке деректері мен қаржылық қаражатына қол жеткізеді.
Киберполиция қызметкерлері ресми медициналық ұйымдар мен мемлекеттік сервистер телефон арқылы немесе хабарламаларда растау кодтарын, құпиясөздерді және өзге де құпия ақпаратты ешқашан талап етпейтінін атап өтті. Мұндай талаптардың барлығы алаяқтықтың айқын белгісі.
Сондай-ақ, киберқылмыскерлердің құрбанына жиі айналатын егде жастағы адамдарды қорғау мәселесіне де көңіл бөлінді. Медициналық мекемелерге күн сайын жасы үлкен азаматтардың көптеп жүгінетінін ескере отырып, медицина қызметкерлеріне бұл ақпаратты пациенттер мен олардың туыстарына жеткізіп, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік шараларын еске салу тапсырылды.
Осындай профилактикалық іс-шараларды өткізу киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп, азаматтарды интернет желісіндегі заңсыз әрекеттерден қорғауға көмектеседі.
