Жетісу облысында көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды
Жетісу облысында көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарқан қаласында полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде таңғы уақытта жол қозғалысы ережелерін бұза отырып, Буашева көшесімен келе жатқан Toyota Carina көлігін байқаған. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде 34 жастағы ер адамнан алкогольдің иісі сезілген. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ер адам орташа дәрежелі мас күйінде болған.
Сондай-ақ тексеру барысында 2022 жылы Жетісу облысы Сарқан аудандық сотының шешімімен бұл азаматтың жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Оған жеті жыл мерзімге көлік жүргізуге тыйым салынған.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды.
Полиция қызметкерлері мас күйде көлік құралын басқару барлық жол қозғалысына қатысушының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соғатынын еске салды. Мұндай құқық бұзушылық үшін заңнамада бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза көзделген, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.