Жетісу облысында көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктер анықталды
Жетісу облысында көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктер анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында 19-23 мамыр аралығында көші-қон заңнамасының бұзылуын анықтау және заңсыз көші-қонға жол бермеу мақсатында республикалық “Заңсыз келуші” жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның алғашқы күнінде полиция қызметкерлері 148 құқық бұзушылықты тіркеді. Олардың басым бөлігі шетел азаматтарымен жасалған. Атап айтқанда, 103 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағында болу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 26-сы ел аумағынан шығарылды: 18-і ТМД елдерінің азаматтары, 8-і алыс шет мемлекеттердің өкілдері.
Сонымен қатар көші-қон заңнамасын бұзған 45 Қазақстан азаматы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 10 жұмыс беруші бар.
Құқық қорғау органдары шекара маңындағы аудандарға ерекше назар аударуда. 20 мамыр күні Алакөл ауданында Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған 16 шетелдік азамат анықталды.
Сондай-ақ жүргізілген іс-шара барысында заңсыз көші-қонды ұйымдастырудың бір фактісі тіркелді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабымен (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) қылмыстық іс қозғалды.
Құқық қорғау органдары көші-қон үдерістерін бақылау — қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі екенін атап өтеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.