Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында криминалист қызметкері кәсіби міндетін абыроймен атқаруда

Жетісу облысында криминалист қызметкері кәсіби міндетін абыроймен атқаруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысы полиция департаментінің құрылымдық бөлімшесі – Талдықорған қаласы полиция басқармасына қарасты жедел-криминалистикалық бөлім қылмысты ашуда айрықша маңызға ие. Бұл сала – үнсіз қалған іздерді сөйлетіп, ақиқатты нақты дәлелдер арқылы айқындайтын жауапты әрі күрделі қызметтің өзегі.

Аталған бөлімде абыроймен еңбек етіп жүрген криминалист Таңжарық Асан ішкі істер органдарындағы қызметін 2015 жылы бастаған. Ал 2020 жылдан бері криминалистика бағытын таңдап, тергеу әрекеттерін ғылыми негізде қамтамасыз ету ісіне белсенді үлес қосып келеді. Ол өзінің кәсіби біліктілігі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, әрбір қылмыстың мән-жайын дәл анықтауға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуде.

Криминалист мамандығы – ерекше жауапкершілікті, асқан ұқыптылықты, жоғары зейінділік пен салқынқандылықты талап ететін сала. Оқиға орнын мұқият қарау, айғақ заттарды бекіту, түрлі іздерді анықтау және оларды сараптамалық зерттеуге дайындау – әділ шешімнің негізін қалайтын маңызды кезеңдер. Әрбір әрекет заң талаптарына сай, ғылыми тәсілдер арқылы жүзеге асырылады.

Криминалистің бір жұмыс күні – сергектік пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Таңғы саптық жиыннан кейін кез келген уақытта жедел хабарлама түсуі мүмкін. Оқиға орнына жеткен сәттен бастап уақытпен санаспайтын қарбалас жұмыс басталады. Әрбір деталь назардан тыс қалмайды: фотофиксация жүргізіледі, саусақ іздері алынады, айғақтар тиісті тәртіппен рәсімделеді. Кейде бұл жұмыс бірнеше сағатқа, тіпті түннің бір уағына дейін жалғасады.

Оқиға орнындағы дәлдік пен ұқыптылық – болашақ сот шешімінің берік іргетасы. Себебі криминалистикада ұсақ-түйек болмайды. Әрбір із – үнсіз куәгер, ал оны сөйлету – кәсіби шеберлік пен тәжірибенің нәтижесі.

Таңжарық Асан өз ісіне деген адалдығы, жауапкершілігі мен табандылығының арқасында көптеген қылмыстың ашылуына үлес қосып келеді. Ол үшін криминалистика – жай ғана мамандық емес, бұл – әділдікке қызмет етудің биік миссиясы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру