Жетісу облысында марихуана өсірген күдікті ұсталды
Ұсталған тұрғыннан 11 келіден астам марихуана тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу полицейлері прокуратураның үйлестіруімен Көксу ауданының 64 жастағы тұрғынын заңсыз марихуана өсірді деген күдікпен ұстады.
Көксу ауданы Бозтоған ауылының маңындағы алаңда полиция қызметкерлері құрамында есірткі заттары бар өсімдіктердің 24 бұтасын түп-тамырымен жұлып алды. Оларды өсіру және тиісті күтім фактісі күдіктінің айғақтарымен расталды. Сараптама көрсеткендей, тәркіленген зат жалпы салмағы 11 келіден астам каннабис болып шықты.
Ер адам бұрын осындай құқық бұзушылық бойынша жауапқа тартылған болатын. Ұсталған адам өзін ақтау үшін марихуананы өзіне арнап өсіргенін түсіндірді. Іс жүзінде ҚР ҚК-нің 300-бабында (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) көзделген сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – деді Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы.