Жетісу облысында мектеп оқушылары криминалистердің жұмысымен танысты
Жетісу облысында мектеп оқушылары криминалистердің жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаменті жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкерлері №13 орта мектебінің 9-10 сынып оқушыларын криминалистердің жұмысымен таныстырып, дәріс өткізді.
Оқушыларға мамандардың заттай дәлелдемелерді анықтау, қылмыстарды ашуға көмектесетін сараптамалар қалай жүргізетіндігі түсіндірілді. Зерттеудің негізгі түрлері көрсетілді:
– Дактилоскопия – саусақ іздерін зерттеу;
– Трасология – іздерді талдау;
– Баллистика – атыс қаруымен жұмыс;
– Портреттік сараптама – адамның жеке сипаттамаларын фотосуретке немесе бейнежазбаға түсірілген сырт келбеті бойынша анықтау;
– Құжаттарды техникалық және криминалистикалық зерттеу – құжаттың жалғандығын анықтау.
Дәріс тек теориямен ғана шектелмеді. ЖКБ қызметкерлері оқушылар үшін қылмыс орнында іздердің қалай алынатынын көрсетіп, практикалық сабақ өткізді. Оқушыларға саусақ іздерін арнайы жабдықтар мен криминалистердің құралдарын қолдана отырып анықтауға мүмкіндік берілді.
Мұндай іс-шаралар оқушылардың хабардарлығын арттырып қана қоймай, олардың криминалист мамандығына деген қызығушылығын арттырады.