Жетісу облысында мешіт имамдарының қызметіне кедергі жасаған екі тұрғын жауапқа тартылды
Жетісу облысында мешіт имамдарының қызметіне кедергі жасаған екі тұрғын жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл облыста «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнаманы бұзудың 8 фактісі тіркеліп, 3 құқық бұзушыға әкімшілік жаза қолданылды. Жекелеген фактілер бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр, қажетті діни сараптама тағайындалды. Соңғы процессуалдық шешім сараптама нәтижесі бойынша тікелей қабылданатын болады.
– Панфилов ауданының Жаркент қаласында діни бірлестіктердің ішкі тәртібін сақтамау және мешіт имамдарының қызметіне кедергі жасау фактісін мысал ретінде келтіруге болады. Сот екі жергілікті тұрғынды ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабында (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, құқық бұзушылардың әрқайсысына 172 500 теңгеден айыппұл салды, – деді экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Болатбек Болысбеков.
Сондай-ақ Ескелді ауданында жарылғыш зат қойылғандығы туралы көрінеу жалған хабарлама бойынша факті тіркелген. WhatsApp мессенджерінде белгісіз адам Қарабұлақ ауылындағы жалпы білім беретін мектептердің біріне бомба қойылғандығы туралы хабарлама таратып, оқу процесі тоқтатылды.
Көрсетілген факті бойынша тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 273-бабына (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) сәйкес жалғасып жатыр.