Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында нашақорлықтың алдын алу жөніндегі өңірлік кеңес құрылды

Жетісу облысында нашақорлықтың алдын алу жөніндегі өңірлік кеңес құрылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Жетісу облысында нашақорлықтың алдын алу жөніндегі өңірлік кеңес өз жұмысын бастады.

Кеңестің құрылуы – биылғы қаңтар айында бастау алған Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің бастамасының жалғасы. Кеңестің негізгі мақсаты – қоғамды нашақорлықпен күреске жұмылдыру, алдын алу шараларын жетілдіру және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Кеңес құрамына полиция қызметкерлері, журналистер, танымал спортшылар, қоғам белсенділері мен блогерлер кірді.

10 сәуір күні Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы кеңестің алғашқы отырысын өткізді. Оған полиция департаментінің бастығы қатысып, кеңес құрамы ресми түрде таныстырылып, мүшелерге куәліктер табысталды. Кеңес төрағасы болып Жетісу облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ельдар Әбдікенов тағайындалды. Оның орынбасарлары ретінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Сейсенбеков пен "Қоғамдық келісім" КММ директоры, облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Ақболатов бекітілді.

Отырыста кеңес мүшелері бірлескен іс-шаралар жоспарын талқылап, алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады. Жақын арада қоғамда нашақорлыққа қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыруға және ақпараттық-ағартушылық шараларды күшейтуге бағытталған бірқатар жобаны іске асыру көзделуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру