Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында өткен жылы заңсыз айналымнан 736 келіден астам есірткі тәркіленді

Жетісу облысында өткен жылы заңсыз айналымнан 736 келіден астам есірткі тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысында 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүргізілген жедел, профилактикалық және талдамалық іс-шаралардың нәтижелері шығарылды. Кешенді жұмыстар наркобизнестің ұйымдасқан желілерінің жолын кесіп, әсіресе жастар арасындағы есірткінің таралу қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік берді.

Есептік кезеңде 186 есірткіге байланысты құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 98 қылмыс және 88 құқық бұзушылық тіркелді. Есірткі заттарын сату бойынша 54 дерек, аса ірі мөлшерде сақтау бойынша 15 дерек, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу бойынша 2 дерек, есірткіні заңсыз насихаттау және жарнамалаудың 11 дерегі, құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру 12 дерек, вейптер, ароматизаторлар мен сұйықтықтардың заңсыз айналымы бойынша 4 дерек тіркелді.

Заңсыз айналымнан алынған есірткі көлемі 736 келіден асты. 254 келіден астам — марихуана, 17 келіден астам — гашиш, 15 келіден астам — синтетикалық есірткілер, 448 келіден астам — қарасора тектес өсімдіктер.

17–30 жас аралығындағы 135 азамат ұсталды, олардың ішінде 12 жасырын қойып кетуші бар. Сондай-ақ 17 жастағы 3 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Олардың екеуі сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотқа 140 қылмыстық іс жолданып, нәтижесінде 127 адам сотталды.

Денсаулық сақтау органдарының мәліметіне сәйкес, есепте 230 есірткіге тәуелді адам тұр (207 ер адам, 23 әйел). 18–29 жас аралығындағы жастар санатында 42 адам тіркелген. Бұл көрсеткіш алдын алу жұмыстарының маңызын айқындайды.

Есірткінің цифрлық кеңістікте таралуына тосқауыл қою мақсатында есірткіні таратқан және жарнамалаған 3194 Telegram-сайт бұғатталды, Антифрод бағдарламасы арқылы 23 млн теңгеге жуық 788 банк шоты бұғатталды, Аргус бағдарламасы көмегімен 9775 шетелдік есепшот анықталып, бұғаттауға жолданды.

Жыл басынан бері "Дәрмек" жедел профилактикалық іс-шарасының 4 кезеңі өткізілді. Оның аясында 74 лицензияланған нысан (дәріханалар, медициналық ұйымдар және кәсіпорындар) тексеріліп, 23 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді.

Полиция тарапынан өңірде есірткі қылмысына қарсы күрестің жүйелі әрі кешенді түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Бұл — тек қылмысқа қарсы әрекет емес, бұл — өңірдің болашағын, тұрғындардың денсаулығын, қоғамдық тұрақтылық пен адамгершілік құндылықтарды қорғау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру