Жетісу облысында ПД бастығы мереке қарсаңында өңірдің қауіпсіздік жағдайын тексерді
Жетісу облысында ПД бастығы мереке қарсаңында өңірдің қауіпсіздік жағдайын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл қарсаңында, көпшілік үшін демалыс пен мерекелік күндері басталатын кезеңде, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген қызмет режиміне көшті.
Өңірдің бас полицейі Сарқытбай Құсаинов мереке күндері жүктеме артуына байланысты бөлімшелердің дайындығын жеке өзі тексерді. Жұмыс сапары барысында ол қызмет атқаруды ұйымдастыру, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету деңгейі және ықтимал төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге жеке құрамның әзірлігін бақылап шықты.

№5514 әскери бөлімінде департамент бастығы қызметте көзге түскен әскери қызметшілерге грамоталар табыстап, жаңа жылдық іс-шаралар кезеңіндегі бірлескен іс-қимыл мәселелері бойынша үйлестіру кеңесін өткізді.
Сондай-ақ мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бөлімшелеріне ерекше назар аударылды: қызметтік автокөліктердің техникалық жағдайы, төтенше жағдайлар мен жаппай тәртіпсіздіктер кезінде әрекет ету алгоритмдерін білу деңгейі, сондай-ақ жеке құрамның стандарттан тыс жағдайларда әрекет етуге дайындығы бағаланды.

"Сити плюс" сауда-ойын-сауық орталығында полиция қызметкерлері ұрлықтың, алаяқтықтың және жанжалдардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді. Полиция мен сауда орталығы әкімшілігінің өзара іс-қимылы, бейнебақылау жүйесінің жұмысы және қоғамдық тәртіпті қорғауды ұйымдастыру мәселелері тексерілді. Объект әкімшілігіне қақтығысты жағдайларда қауіпсіздік пен әрекеттердің ашықтығын арттыру мақсатында күзет қызметкерлерін жеке бейнежетондармен жабдықтау жөнінде ұсыныс берілді.
Сондай-ақ департамент басшысы жастардың демалыс орындарын, оның ішінде "Адреналин" мұз айдынын аралап, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жарақаттанудың және құқық бұзушылықтың алдын алу шараларының қалай ұйымдастырылғанын тексерді. Тексеру азаматтар көп жиналатын орындарды да қамтыды.

Мұнда қауіпсіздік бақылауының деңгейі, мүліктің сақталуы және полиция нарядтарының жедел әрекет етуге дайындығы бағаланды. "Статус" түнгі клубында қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуы, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың болмауы, сондай-ақ тыйым салынған заттарды қолданудың алдын алу шаралары тексерілді. Аталған нысанның күзет қызметкерлері бейнежетондармен жабдықталғаны атап өтілді.
Осыған байланысты өңірдегі барлық күзет ұйымдарына бейнежетондарды қолдануды ұсыну жөнінде бастама көтерілді. Бұл — персоналдың жеке қауіпсіздігін және азаматтардың құқықтық қорғалуын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар стационарлық және модульдік патрульдік бекеттер тексеріліп, такси қызметіне профилактикалық бақылау жүргізілді және ішкі істер органдары қызметінің негізгі қағидаты — "Заң мен тәртіп" тағы бір мәрте еске салынды.
Жұмыс сапары соңында департамент бастығы жедел басқару орталығына барып, азаматтардың хабарламаларын қабылдау мен тіркеу, нарядтардың орташа әрекет ету уақыты, күштер мен құралдарды үйлестіру, бейнебақылауларды мониторингтеу және жүйенің жаңа жыл түні ең жоғары жүктемеге дайындығын тексерді.
Қосымша түрде адамдар көп жиналатын объектілерде орнатылған дабыл түймелерінің жұмыс қабілеттілігі және олардың жедел әрекет ету жүйесімен интеграциясы қаралды. Қабылданған шаралар өңір тұрғындары мен қонақтарының жаңа жылды қауіпсіз әрі тыныш жағдайда қарсы алуына бағытталған.
