Жетісу облысында полицейлер автожол өкілдерімен бірге жол қозғалысы қауіпсіздігін талқылады
Жетісу облысында полицейлер автожол өкілдерімен бірге жол қозғалысы қауіпсіздігін талқылады , – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың 31 мамырында полиция департаментінің ғимаратында облыстың автожолдары мен автобус фирмаларының өкілдерімен іскерлік кездесу өтті. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы кезеңде автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша аса маңызды мәселелер талқыланды.
– Осы жылдың басынан бастап ПД әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар жолдай отырып, барлық ортақ пайдаланылатын жолдарға 627 тексеру жүргізді, – деп атап өтті ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Дияс Молдабергенов.
Автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін 88 жол мекемесі мен жауапты тұлға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 631-бабы бойынша жауапқа тартылды және үш миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ПД төмендегі шараларды қабылдауды ұсынды: Аялдамаларда ақпараттық билбордтар орнату; Облыстық, республикалық маңызы бар автожолдарда жаяу жүргіншілер өткелдерінде жасанды жарықтандыруды орнату; Жануарлардың макеттерін қолдана отырып тосқауыл немесе торлы қоршаулар орнату; Фото және бейнетіркегіштер санын ұлғайту, қозғалыс жылдамдығын бекіту және басқа да ұсыныстар.
–Полицияның басты міндеті – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осыған байланысты автожолдардың қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды міндеттердің бірі, – деп атап өтті полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаинов.
Кездесуде автобус жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауы мен талаптары туралы мәселелер талқыланды. Бірқатар ұсыныстар енгізілді.