Жетісу облысында полицейлер есірткіге қарсы туристік серуен ұйымдастырды
Жетісу облысында полицейлер есірткіге қарсы туристік серуен ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасында нашақорлыққа қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын, сондай-ақ “Нашақорлыққа қарсы күрес күніне” орай, “Нашақорлыққа қарсы айлық” жоспарын іске асыру шеңберінде 17 маусым күні Жетісу облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері білім басқармасымен бірлесіп Текелі қаласының көпсалалы колледж студенттеріне арналған “Есірткісіз болашақ!” тақырыбында туристік серуен ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау мен демалыс пен спорттың белсенді түрі ретінде спорттық туризмді танымал ету. Жастар арасында, әсіресе өскелең ұрпақ арасында нашақорлыққа деген теріс көзқарасты қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.
–Туристік серуен бағдарламасына көптеген қызықты жарыстар кірді, онда үш команда бақ сынасты. Жарыс нәтижесінде бірінші орынды “Қыран” командасы, екінші орынды “Арыстан”командасы, үшінші орынды “Бүркіт” командасы иеленді, — деп атап өтті ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Меруерт Искакова.
Барлық қатысушылар жақсы әсер мен жағымды эмоциялар алды. Бұл іс-шара Қазақстандағы нашақорлықпен күресте маңызды қадам болып табылып, студенттердің физикалық дамуына ықпал етіп қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстану мен есірткіден бас тартудың маңыздылығын атап өтті.