Жетісу облысында полицейлер колледжде цифрлық қауіпсіздікке арналған дәріс өткізді
Жетісу облысында полицейлер колледжде цифрлық қауіпсіздікке арналған дәріс өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары политехникалық колледждің студенттеріне цифрлық қауіпсіздік бойынша профилактикалық дәріс өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты — буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, жастар арасында цифрлық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ интернетте қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын нығайту болды.
Дәріс барысында мамандар буллингтің түрлері, оның психологиялық және құқықтық салдары туралы жан-жақты ақпарат беріп, қауіп-қатерді дер кезінде танып-білу тәсілдерін түсіндірді. Сонымен қатар мұндай жағдайларда қайда жүгінуге болатыны туралы кеңес берілді. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жүзеге асатын кибербуллинг — қорлау, қорқыту, намысқа тиетін мәліметтер тарату сияқты құқыққа қайшы әрекеттерге ерекше назар аударылды.
Полицейлер интернет кеңістігіндегі кез келген агрессияның қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелетінін, сондай-ақ оның зардап шегушіге де, құқық бұзушыға да ауыр салдар тудыруы мүмкін екенін еске салды.
Профилактикалық кездесу студенттердің үлкен қызығушылығын тудырып, олар дәріс барысында сұрақтар қойып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, талқылауға белсенді қатысты.
Полиция өкілдері қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыру — қоғамның, ата-аналардың, педагогтердің және барлық интернет пайдаланушыларының ортақ міндеті екенін атап өтті. Мұндай іс-шаралар Жетісу облысының білім беру мекемелерінде алдағы уақытта да жалғасын табады.
