Жетісу облысында полицейлер мерекелік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайын
Жетісу облысында полицейлер мерекелік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайын, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл мерекесінің басталуына санаулы сағаттар қалғанда облыс орталығы - Талдықорған қаласында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған құқық қорғау күштерінің гарнизондық сап түзеуі мен жалпы тексерісі өтті.
Саптық шараға Жетісу облысы полиция департаментінің, Талдықорған қалалық полиция басқармасының қызметкерлері, жедел қимылдайтын арнайы жасақ, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қатысты. Іс-шара барысында бөлімшелердің үйлесімді әрекеті, жоғары тәртіп пен кез келген төтенше жағдайға жедел ден қоюға дайындық деңгейі айқын көрініс тапты.
Гарнизондық сап түзеу Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаиновтың басшылығымен өтті. Ол жеке құрамға арнаған үндеуінде:
- Жаңа жыл - қуаныш пен үмітке толы, отбасылық жылулықтың мерекесі. Біздің басты міндетіміз - Жетісу өңірінің әрбір тұрғыны бұл мерекені тыныш әрі қауіпсіз жағдайда қарсы алуы үшін бар күш-жігерімізді салу. Сіздердің жауапкершіліктеріңіз бен кәсібиліктеріңіз тек қоғамдық тәртіпке ғана емес, азаматтардың жан тыныштығына да тікелей әсер етеді, - деп атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар мен қала тұрғындарының ерекше назарын қызметтік техниканың көрсетілімі аударды. Патрульдік автокөліктер, полиция мен Ұлттық ұланның арнайы техникасы жарық-сигнал шамдары мен сиреналарын іске қоса отырып, жол-көлік оқиғаларынан бастап азаматтардың шұғыл шақыртуларына дейін кез келген жағдайға жедел әрекет етуге дайын екенін паш етті.
Саптық шара салтанатты саптық жүріспен және жалпы тексеріспен аяқталды. Бөлімше басшылары жеке құрамның тәртібі, адалдығы мен кәсіби даярлығы өңірдегі тұрақтылық пен қоғамдық тыныштықтың берік кепілі екенін атап өтті.
Аталған гарнизондық тексеріс Жетісу облысының құқық қорғау күштері әрбір тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мерекелік түннің бейбітшілік пен тыныштық аясында өтуі үшін бірлесе, сенімді әрі табанды түрде қызмет атқаруға толық дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
