Жетісу облысында полицейлер оқушыларға киберқауіпсіздік бойынша дәріс оқыды
Ж.Үшкемпіров атындағы мектеп-интернат-колледжінде Жетісу облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері оқушыларға киберкеңістіктегі қауіпсіздік тақырыбында танымдық дәріс өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында полицейлер әлеуметтік желілердегі қауіп-қатерлерге ерекше назар аударды. Бүгінде балалар мен жасөспірімдер түрлі жаңа трендтерге қызығып, кей жағдайда алаяқтардың олардың сенгіштігін өз пайдасына қалай пайдаланатынын аңғармай қалып жатады. Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Жетісу облысында интернет арқылы заңсыз әрекеттерге тартылған 16 дроп анықталып, ұсталған.
— Көпшілік ештеңе істемей-ақ тез әрі оңай ақша табуға болады деп ойлайды. Алайда кез-келген жетістік адал еңбек пен жауапкершіліктің нәтижесі. Әсіресе цифрлық кеңістікте сақтық таныту өте маңызды, - деді киберполиция қызметкері Ернат Абдрахманов
Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің киберкеңістіктегі қауіптер туралы түсінігін қалыптастырып, интернетте қауіпсіз әрекет ету дағдыларын дамыту. Бүгінде мұндай білім жол қозғалысы ережелерін немесе жеке қауіпсіздік негіздерін білу секілді маңызды болып отыр.
