Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында полицейлер шалғай ауылдардағы жастармен профилактикалық кездесулер өткізуде

Жетісу облысында полицейлер шалғай ауылдардағы жастармен профилактикалық кездесулер өткізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысында полицейлер жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатындағы жұмыстарды белсенді түрде жалғастырып келеді. Бұл бағыттағы іс-шаралар тек қала орталықтарында ғана емес, ең шалғай елді мекендерде де өткізіліп жатыр.

Осы орайда Алакөл ауданының Қабанбай ауылында тәртіп сақшылары 9–11 сынып оқушылары мен колледж студенттерімен кездесу ұйымдастырды. Шараның басты тақырыбы — өскелең ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру және өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға баулу. Кездесу "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында өтті.

Полицейлер жасөспірімдерге құқық бұзушылыққа тартылудың салдары мен қауіптілігін түсіндірді. Әсіресе соңғы уақытта жиі кездесетін дропперлік — яғни жеке банктік шоттарды қылмыстық жолмен алынған ақшаны аудару үшін пайдалану әрекеттері туралы егжей-тегжейлі айтып өтті. Мұндай іс-әрекеттер бейқамдықпен жасалған күннің өзінде де қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар кездесуде есірткі заттарын тарату, интернет және офлайн кеңістіктегі қудалау (сталкинг), сондай-ақ өзге де құқыққа қайшы мінез-құлық түрлерімен күрес мәселелері көтерілді. Полицейлер кез келген заңбұзушылықтың нақты салдары болатынын, оның ішінде әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске салды.

Бұдан бөлек, жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбы да назардан тыс қалмады. Жасөспірімдерге жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін сақтау, жолда абай болу, велосипед пен самокат айдағанда қорғаныс құралдарын пайдалану қажеттігі түсіндірілді.

Кездесудің негізгі мақсаты — кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамда заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастыру. Полицейлердің айтуынша, мұндай профилактикалық жұмыстар олардың күнделікті қызметінің маңызды бөлігі болып табылады. Себебі дәл осы бағыт жас ұрпақтың қауіпсіз болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру