Жетісу облысында полицейлер үшін күрделі жол апаттарын тергеу бойынша семинар-практикум өткізілді
Жетісу полиция департаменті аймақтық прокуратурамен және сараптамалық мекемелердің өкілдерімен тергеушілер, анықтаушылар және әкімшілік қызметкерлер үшін семинар-практикум өткізуге бастамашылық жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семинарда күрделі жол-көлік оқиғалары фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеу бойынша жұмысты ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Биыл Жетісу автожолдарында 432 жол апаты тіркелді, онда 126 адам қаза тауып, 636 адам түрлі дене жарақатын алды.
Іс-шара ең алдымен, жол-көлік оқиғасын тергеу сапасын жақсартуға бағытталған. Оқиға болған жерді тексеру тәртібі, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу жүргізудегі кемшіліктер туралы айтылды. Сарапшылар осы бағыттағы өзекті және проблемалық мәселелерді көрсететін баяндамалар жасады.
– Семинардың теориялық бөлімі аяқталғаннан кейін іс-шараға қатысушылар облыстық мамандандырылған ХҚКО автодромында өткізілген тәжірибеде алған кәсіби дағдыларын бекітті. Қылмыстық істерді тергеу рәсімінен басқа, қызметкерлердің назары жедел-тергеу тобы келгенге дейін оқиға болған жерді қорғауды тиісті қамтамасыз ету қажеттілігіне аударылды. Қатысушыларға жол-көлік жағдайын және орындалған іс-қимылдардың дұрыстығын нақты мысалдармен бағалау мүмкіндігі ұсынылды, – деп атап өтті Жетісу облысы анықтау басқармасы бастығының орынбасары Дана Ерғалиева.
Айта кетейік, тергеушілердің, анықтаушылардың және жол полициясы қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында осындай оқыту семинарлары тұрақты негізде өткізіледі.