Жетісу облысында полицейлер заңсыз ет тасымалдау фактілерін анықтауда
Жетісу облысында полицейлер заңсыз ет тасымалдау фактілерін анықтауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс аумағында "Мал ұрлығы" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Іс-шараның мақсаты – мал ұрлығына байланысты қылмыстардың алдын алу және оларды ашу, сондай-ақ ет және ет өнімдерін тасымалдау мен сату кезінде құқық бұзушылықтарды анықтау.
Бар болғаны екі күннің ішінде полицейлер мал ұрлығына қатысты екі қылмыстық істі тіркеп, бұған дейін ашылмаған төрт қылмысты әшкереледі. Бұл нәтижелер іс-шараның тиімділігін көрсетіп, полицейлердің ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарына әсер ететін мәселеге қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын дәлелдейді.
Профилактикалық іс-шара аясында ет және ет өнімдері сатылатын 69 нысан мен ет тасымалдаған 83 көлік тексерілді. Тексеру нәтижесінде тиісті құжаттарсыз өнім тасымалдаудың бес дерегі және ветеринариялық ережелерді бұзудың 43 жағдайы анықталды. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері 138 шаруа қожалығын тексерді.
Солардың бірі – Мақаншы – Алматы бағытындағы тасжолда тоқтатылған жолаушылар автобусы. Көлік Абай облысынан жолға шыққан. Көліктің жүк бөлігін тексеру барысында 100 ұсақ және 2 ірі қара малдың еті табылды. Жүргізуші етті Алматы қаласындағы базарлардың біріне жеткізіп беру үшін алғанын түсіндірген. Аталған дерек бойынша материал ветеринариялық инспекцияға жолданды.
Полицейлер "Мал ұрлығы" іс-шарасы аясында кешенді тексерістерді жалғастыруда. Тәртіп сақшылары азаматтарды ет және ет өнімдерін тасымалдау мен сату кезінде заң талаптарын қатаң сақтауға, сондай-ақ мал ұрлығына қатысты күмәнді деректер туралы дер кезінде полицияға хабарлауға шақырады.