Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында полицейлер жергілікті тұрғыннан заңсыз қаруды тәркіледі

Жетісу облысында заңсыз аң аулауды тоқтатуға және жануарлар дүниесін қорғауға бағытталған республикалық "Браконьер" жедел- профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс полицейлері  "Казавиаорманқорғау" РМКК және облыстық орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау инспекторларымен бірлесіп, кешенді рейдтік жұмыстар жүргізіп жатыр.

Оның ішінде әуе бақылауы да ұйымдастырылған. Осындай әуе патрулі барысында Кербұлақ ауданының Қарашоқы ауылы маңында аңшылық аймаққа қарай бет алған УАЗ автокөлігі тоқтатылды.

Көлікті 65 жастағы жергілікті тұрғын басқарған. Тексеру кезінде одан құжаттары жоқ екі аңшы мылтығы – 12 және 16 калибрлі қарулар анықталды.

Азамат қаруды сақтау және алып жүруге қатысты ешқандай рұқсат құжаттарын көрсете алмады.

Аталған құқық бұзушылық бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін аудандық полиция бөліміне жолданды.

Биылғы жылдың басынан бері Жетісу полицейлері тіркелмеген қаруды заңсыз тасымалдау және сақтау бойынша 50 факті, сондай-ақ браконьерлік және табиғат қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 23 экологиялық құқық бұзушылық анықтады.

Полиция заң мен тәртіпті сақтау – қоғам қауіпсіздігінің негізі екенін атап өтеді. Қарудың заңсыз айналымы азаматтардың да, табиғаттың да қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіреді.

"Браконьер" іс-шарасы заңсыз аңшылықты толық тоқтатуға бағытталған.

Полиция тұрғындарды табиғатты қорғауға, заң талаптарын сақтауға және браконьерлік фактілері мен өзге де құқық бұзушылықтар туралы дереу хабарлауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру