Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында полицейлер жолда тоқтап қалған көліктегі жолаушыларға көмектесті

Жетісу облысында полицейлер жолда тоқтап қалған көліктегі жолаушыларға көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы – Өскемен тасжолында, Жетісу облысының маңында, көпшіліктің жүрегін елжіреткен ерекше оқиға болды. Бұл жағдай жол үстінде де адамгершілігі мол, жүрегі кең жандармен жолығуға болатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Тараз қаласынан шыққан жолаушылар үйге бет алып келе жатқан. Алайда жолдың қақ ортасында көліктің қозғалтқышы тоқтап қалады. Кейін анықталғандай, көліктің газы таусылып қалған екен. Елді мекеннен қашық жерде жеті жолаушы көмекке зәру күйде қалып қояды.

Алайда көмек көп күттірмеді. Кезекшілікте жүрген Жетісу облысының жол-патрульдік полиция қызметкерлері — Диас Омаров пен Мадиар Нұрлытанов жол жиегінде тұрған көлікті байқап, дереу тоқтайды. Жағдайды сұрап білген соң, олар жолаушыларды қиындықта қалдырмай, көлікті арқанмен жақын маңдағы газ құю бекетіне дейін сүйреп жеткізеді. Бұл қашықтық 10 шақырымнан асады.

Полицейлердің бұл ісі – нағыз адал қызмет пен ізгі ниеттің айқын көрінісі. Артық даңғаза да, даңқ іздеу де жоқ — тек жүректен шыққан шынайы көмек, нағыз адамдық қасиеттің белгісі.

Тараздық жолаушылар полиция қызметкерлеріне көрсеткен қамқорлығы мен жанашырлығы үшін шынайы алғыстарын білдірді.

Шынында да, мұндай оқиғалар бір ақиқатты ұқтырады: полиция – қашанда қасымызда, қиын сәтте көмекке дайын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру