Жетісу облысында полицейлер жолда жанармайсыз қалған жүргізушіге көмектесті
Жетісу облысында полицейлер жолда жанармайсыз қалған жүргізушіге көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қысқы жол кейде ең тәжірибелі жүргізушінің өзін сынайды. Қалың қар, бет қаратпас аяз, көрінуді шектейтін боран Алматы - Өскемен бағытындағы тасжолды нағыз сынақ алаңына айналдырады. Осындай шақта жол үстіндегі әрбір адамға көрсетілетін көмектің, жанашырлықтың және жедел әрекеттің құны арта түседі.
Жетісу облысының полиция қызметкерлері патруль кезінде жол жиегінде тоқтап қалған көлікті байқап, дереу тоқтайды. Белгілі болғандай Томскіден Талдықорғанға оралып келе жатқан жолаушылар Ушарал маңында аязды түнде аяқ астынан жанармайсыз қалған. Бос қалған бак пен боранды ауа райы олардың жағдайын қиындата түскен.
Полицейлер бұл жағдайды назардан тыс қалдырмай, жүргізушімен сөйлескен соң бірден көмекке кіріседі. Тартқыш белдеуін пайдаланып, көлікті ең жақын жанармай бекетіне дейін жеткізіп, жолаушылардың тоңып қалмауын және жолда ұзақ тұрып қалмауын қамтамасыз етті. Қолайсыз ауа райы мен қысқы қатерге қарамастан, олар қауіпсіздікті бірінші орынға қойды.
Бұл оқиға жолдың тек көліктің жүрісін ғана емес, адамның адамгершілігін де сынайтынын тағы бір дәлелдеді.
Қиындық сәтіндегі қарапайым қайырымдылық – адамдықтың ең жарқын көрінісі.
