Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында полиция есірткі қылмыстарына қарсы күресті күшейтті

Жетісу облысында полиция есірткі қылмыстарына қарсы күресті күшейтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысының полиция департаменті "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыруды жалғастырып, есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл мен азаматтардың денсаулығын қорғауға айрықша көңіл бөлуде.

Осы жылдың тоғыз айында өңір полицейлері есірткі айналымына байланысты 143 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде – 69 қылмыс және 74 құқық бұзушылық.

Оперативтік іс-шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 534 келіден астам әртүрлі түрдегі есірткі заттары, соның ішінде марихуана, гашиш, синтетикалық заттар және кендір тектес өсімдіктер тәркіленді.

Жыл басынан бері есірткі қылмыстарына қатысы бар 104 адам ұсталды, олардың ішінде 10 "қоймашы", соның ішінде 3 кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Сонымен қатар "ішкі бақыланатын жеткізу" әдісімен үш арнайы операция жүргізіліп, нәтижесінде 36 келі есірткі заттары тәркіленді.

Дәрілік құралдардың айналымын бақылауға да айтарлықтай көңіл бөлінуде. Республикалық "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 55 нысан тексеріліп, күші жоғары және психотроптық әсері бар 9 мыңнан астам дәрілік препарат пен шамамен 1,5 тонна прекурсорлар тәркіленді.

"Қарасора" операциясы барысында 87 құқық бұзушылық анықталып, өсімдік тектес 470 келіден астам есірткі заты алынды. Жеке бағыт ретінде интернеттегі есірткі жарнамасына қарсы іс-қимыл күшейтілді.

Есептік кезеңде анықталған фактілер саны екі есеге артты. 9 сотқа дейінгі тергеу басталып, 2361 интернет-ресурс бұғатталды.

"Антифрод-орталығымен" бірлесіп, заңсыз операциялар жүргізілген 637 банк шоты бұғатталып, жалпы сомасы 23 миллион теңгеден астам қаржының жолы кесілді.

Өңір полицейлері есірткі қылмыстарын анықтау, жолын кесу және алдын алу бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастыруда. Басты мақсат – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ұлт денсаулығын қорғау, себебі есірткі айналымына қарсы күрес – бұл заң талабы ғана емес, елдің болашағына деген қамқорлық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру