Жетісу облысында полиция күшейтілген қызмет режиміне көшті
Жетісу облысынlf полиция күшейтілген қызмет режиміне көшті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында қыс өз талаптарын тағы бір мәрте алға тартты: жол бейқамдықты кешірмейді. Ауа райының күрт нашарлауы, көктайғақ, қарлы боран, екпінді жел мен көрінудің төмендеуі автожолдарды жоғары қауіпті аймаққа айналдырып отыр. Мұндай жағдайда болмашы қателіктің өзі ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты Жетісу облысының полициясы күшейтілген қызмет режиміне көшті. Негізгі мақсат — жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және адам өмірін сақтау.
Патрульдік полиция қызметкерлері республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Экипаждар апат қаупі жоғары учаскелерде — еңістер мен өрлерде, ашық жол бөліктерінде және жиі жол-көлік оқиғалары тіркелетін аумақтарда орналастырылған. Бұл аймақтарда көктайғақ пен қатты жел көлік басқаруды едәуір қиындатады.
Қолайсыз ауа райы жағдайында полиция қызметкерлері:
-
қозғалысқа енгізілген уақытша шектеулердің сақталуын бақылайды;
-
көлік колонналарын сүйемелдеуді ұйымдастырады;
-
қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге жедел көмек көрсетеді;
-
қар құрсауында қалған көліктерді эвакуациялауға қатысады;
-
Төтенше жағдайлар департаменті мен жол қызметтерімен бірлесіп, трассалардағы жұмысты үйлестіреді.
Әрбір жол-көлік оқиғасы — жай ғана статистикалық көрсеткіш емес. Апат орын алған жағдайда полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына жетіп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетеді және қайталама соқтығыстардың алдын алу үшін қажетті шаралар қабылдайды. Көп жағдайда дәл осы жедел әрекеттер адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.
Ресми деректер де алаңдатарлық. Желтоқсан айының алғашқы 15 күнінде облыс жолдарында 33 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 11 адам қаза тауып, 19 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Әрбір санның артында — бір тағдыр, бір отбасының қайғысы бар.
Жетісу облысының полициясы жүргізушілерді жағдайдың маңыздылығын терең түсінуге шақырады: полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын қатаң орындау, ауа райы жағдайын ескеру, жылдамдықты асырмау және қозғалысқа шектеу енгізілген кезеңде жолға шықпау — әр азаматтың жауапкершілігі.
Қысқы жол қателікті кешірмейді. Бүгінгі тәртіп — ертеңгі сақталған өмір.
