Жетісу облысында полиция мүмкіндігі шектеулі жандарға құжат рәсімдеуге көмек көрсетті
Жетісу облысында полиция мүмкіндігі шектеулі жандарға құжат рәсімдеуге көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға көмек қолын созды. Әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып жатқан екі ер адам ұзақ уақыт бойы жеке басын куәландыратын құжаттарын қалпына келтіре алмай жүрген.
Көші-қон қызметінің полицейлері бұл мәселеге бейжай қарамай, қажетті анықтамаларды жинауға, құжаттарды рәсімдеуге көмектесті. Олар жеке куәліктерін дайын болғаннан кейін азаматтарға өз қолдарымен табыстады. Енді бұл азаматтар мемлекеттік қызметтерді пайдалана алады, жәрдемақы рәсімдеп, медициналық көмекке жүгіну мүмкіндігіне ие болды.
Бұл оқиға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды қадағалаумен қатар, қиын жағдайға тап болған жандарға жанашырлықпен қарайтынын көрсетеді.