Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында полиция өкілдері жастармен кездесті

Ескелді ауданында құқық қорғау органдары, медицина қызметкерлері және әскери қызметшілердің қатысуымен ауқымды профилактикалық кездесу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жастармен ашық және мазмұнды форматта өткен диалог әртүрлі сала мамандарының ортақ мақсат жолында күш біріктіргенін көрсетті. Негізгі мақсат - құқықтық мәдениетті қалыптастыру және өмірге жауапкершілікпен қарау қағидаларын насихаттау.

Полиция өкілдері қазіргі қоғамдағы ең өзекті қауіп-қатерлерге тоқталып, оқушыларға есірткі тұтынудың, дропперлік схемаларға тартылудың, буллингтің және жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдарын көрсететін бейнероликтер ұсынды. Әр материал нақты түсіндірмелермен және тәжірибеден алынған мысалдармен толықтырылды.

Медицина қызметкерлері есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны туралы айтып, тәуелділіктің жай ғана зиянды әдет емес, адам тағдырын өзгертетін ауыр дерт екенін атап өтті. Ал әскери қызметшілер тәртіп, борыш және қоғам алдындағы жауапкершілік жайында сөз қозғап, мемлекеттің қуаты саналы азаматтардан басталатынын жеткізді.

Кездесу барысында дропперлік мәселесіне ерекше назар аударылды. Қаскөйлер жастарды интернет арқылы "жеңіл табыс" уәдесімен заңсыз әрекеттерге тартатыны, мұндай қадамдардың құқықтық салдары мен қылмыстық жауапкершілігі түсіндірілді.

- Заң әрдайым бірінші орында болуы тиіс. Заң үстемдік еткен жерде тәртіп болады, ал тәртіп әр адамның саналы таңдауынан басталады, - деп атап өтті іс-шара ұйымдастырушылары.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, жастар белсенді түрде сұрақ қойып, өз ойларымен бөлісті және мамандардан кәсіби кеңестер алды.

Профилактика - бір реттік шара емес, бұл жүйелі жұмыс. Осындай кездесулер арқылы заң үстемдігіне негізделген құқықтық мемлекетке берік негіз қаланады, ал заңға құрмет әр адамның жеке таңдауынан басталады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру