Жетісу облысында полиция қызметкерлері қарияға көмектесті
Жетісу облысында полиция қызметкерлері қарияға көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
16 қыркүйек күні Көксу аудандық полиция бөліміне қарт әйел көмекке жүгінді. Оның әмиянын ішіндегі қаражатымен бірге белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленуші үшін бұл жағдай тек материалдық шығын ғана емес, сонымен бірге үлкен моральдық соққы болды.
Дегенмен полиция қызметкерлерінің жеделдігі мен кәсібилігі әділдіктің орнауына ықпал етті. Көксу аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Асылжан Рахматулин мен тергеуші Шалқар Саркытбаев оқиғаға бейжай қарамай, дереу іске кірісті. Қысқа мерзім ішінде олар күдіктіні анықтап, ұстады әрі ұрланған әмиянды иесіне қайтарды.
Бұл тек жоғалған мүліктің қайтарылуы ғана емес, сондай-ақ халық үшін полицияның – сенім мен қорған екенінің айқын дәлелі болды. Қарт кісі өз алғысын білдіріп, жылы лебіздерін айтты. Осындай қарапайым, бірақ шынайы алғыс сөздері полиция қызметкерлеріне шабыт беріп, жаңа күш-қуат сыйлайды.
Бұл оқиға тағы бір рет полицей мамандығының басты мақсатын көрсетті: қызмет ету – халыққа, әрдайым көмекке дайын болу.