Жетісу облысында полиция қызметкерлері жасөспірімдер мен жастардың қатысуымен футбол турнирін ұйымдастырды
Жетісу облысында полиция қызметкерлері жасөспірімдер мен жастардың қатысуымен футбол турнирін ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл бастама құқық бұзушылықтың алдын алып, заңға бағынатын мінез-құлықты жас кезден қалыптастыруға бағытталған. Шараның негізгі өзегі – спортты тәрбие құралы ретінде пайдалану.
"Тәрбие - тәртіп, ал тәртіп бар жерде — заң сақталады" деген ұранмен өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған жас футболшылар жасыл алаңда шеберліктерін көрсетті. Турнир тек жарыс емес, жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді, бейресми байланысты нығайтуға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, заңға құрмет пен жауапты мінез-құлық бала кезден қалыптасуы тиіс. Ал футбол сияқты командалық ойындар жастарды тәртіпке, әділдікке, серіктесті қолдауға және жауапкершілікке баулиды.
Жарыс нәтижелері бойынша:
-
1 орын – "Сұңқар" командасы;
-
2 орын – "Болашақ" командасы;
-
3 орын – "Намыс" командасы иеленді.
Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен және бағалы тартулармен марапатталды. Турнир жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға тек медаль мен диплом ғана емес, "күш — бірлікте, әділет пен заңда" деген өмірлік ұстанымды ұсынды.
Полиция қызметкерлері мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімді. Себебі бүгінгі жас буынға бағытталған әрбір тәрбиелік қадам — ертеңгі қауіпсіз қоғамның іргетасы.