Жетісу облысында полиция студенттермен бірге профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр
Жетісу полицейлері "Қылмыс пен құқық бұзушылықтан таза өңір" іс-шарасын өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының полицейлері облыс орталығында "Қылмыс пен құқық бұзушылықтан таза өңір" жедел-профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу, іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстау, ел аумағына келу ережелерін бұзған азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғаларды анықтау, сондай-ақ алкоголь мен темекі өнімдерін заңсыз өткізу фактілерін әшкерелеу.
Іс-шараға жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен қатар "Жас қыран" студенттер жасағы қатысты. Жастардың қолдауы қылмыстың алдын алу және құқық бұзушылықтың азаюына өз үлесін қосуда. Талдықорған қаласының аумағында өткізілген рейд барысында 197 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар мерзімінен бұрын босатылған, бұрын сотталған және әкімшілік қадағалауда тұрған тұлғалар тексерілді.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық орындарда 1200-ден астам ескертпе жадынамалар таратылып, тұрғындарға сақтық шаралары туралы кеңестер берілді.
Полиция мұндай іс-шаралардың өңірдегі қылмыстық жағдайды тұрақтандыруға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсер ететінін атап өтті. Құқық қорғау органдары өңірдегі тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында осындай алдын алу шараларын жалғастыра бермек.