Жетісу облысында полиция цифрлық алаяқтыққа қарсы профилактикалық дәріс өткізді
Жетісу облысында полиция цифрлық алаяқтыққа қарсы профилактикалық дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында полиция қызметкерлері әділет департаментінде профилактикалық дәріс өткіздіі. Іс-шара алаяқтықтың алдын алуға және цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталды. Негізгі назар заманауи интернет-алаяқтық, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы жасалатын алдау схемаларына аударылды.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері азаматтар жиі тап болатын алаяқтықтың жаңа түрлері туралы жан-жақты баяндады. Жалған қоңыраулар, фейк бейнехабарламалар, жақын адамдар мен лауазымды тұлғалардың дауыстарын салып хабарласу секілді алаяқтардың тәсілдеріне тоқталды.
Технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында ешкім алдаудан сақтандырылмағаны атап өтіліп, сондықтан желіде қарым-қатынас жасауда қырағылық танытып, кез келген ұсақ-түйекке мұқият қарау аса маңызды екені ескертілді.
Дәрістің жеке бір бөлігі діни қауіпсіздік мәселелеріне арналды. Полиция қызметкерлері интернет кеңістігі арқылы деструктивті діни ағымдарға тартылу қаупі туралы ескертіп теріс бағыттардан аулақ болуға шақырды. Рухани тәлім-тәрбиені тек заң аясында қызмет ететін ресми діни мекемелерден алу қажеттігі атап өтілді.
Кездесу соңында қатысушыларға ғаламдық желінің жалпы қауіптері және цифрлық ортада жауапты мінез-құлықтың маңызын еске салды. Полиция қызметкерлері ақпаратты жақындары мен туыстарына, әсіресе алаяқтардың құрбанына жиі айналатын қарт адамдарға жеткізуді сұрады.
Осындай профилактикалық іс-шараларды өткізу қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп, азаматтарға қауіп-қатерлерді дер кезінде танып, өздерін және жақындарын қорғауға көмектеседі.
