Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында полиция цифрлық сервистерді тиімді пайдалануда

Жетісу облысында полиция цифрлық сервистерді тиімді пайдалануда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінде Жетісу облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығының жұмысы тәулік бойы бейнебақылау камераларын бақылаумен және "102" нөмірі арқылы хабарламалар қабылдаумен ғана шектелмейді.

Қоғамдық қауіпсіздікті цифрландыру жағдайында ЖБО заманауи технологияларды, жедел әрекет етуді және халықпен тікелей байланысты біріктіретін негізгі буынға айналып отыр.

Дәстүрлі байланыс арналарына қоса, күнделікті қызметте омниканалды цифрлық өтініштер белсенді түрде енгізілуде. Өңір тұрғындары құқық бұзушылықтар мен түрлі оқиғалар туралы бірнеше ғана қадам арқылы хабарлауға мүмкіндік беретін ыңғайлы онлайн-платформаларды жиі қолдана бастады.

Атап айтқанда, жыл басынан бері жедел басқару орталығына цифрлық арналар арқылы 23 өтініш түскен, оның 18-і "Kaspi", "Halyk Bank" қосымшалары мен "eGov" порталы арқылы "Заң мен тәртіп" қағидаты бойынша жолданған.

Салыстыру үшін айта кетсек, өткен жылы осыған ұқсас цифрлық сервистер арқылы 392 өтініш тіркелген. Бұл азаматтардың полициямен өзара іс-қимылдың заманауи форматтарына деген сенімінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Сонымен қатар жедел байланысудың дәстүрлі арнасы да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Биыл  1–16 қаңтары аралығында ғана "102" нөміріне әртүрлі сипаттағы 3 729 хабарлама түскен. Олардың қатарында құқық бұзушылықтар туралы өтініштер де, шұғыл әрекет етуді талап ететін жағдайлар да бар.

Түскен барлық хабарламалар, олардың келіп түсу тәсіліне қарамастан, кезекші қызметтер тарапынан жедел өңделіп, талданып, тиісті шаралар қабылдау үшін жауапты бөлімшелерге жолданады. Мұндай тәсіл полицияға уақтылы әрекет етуді, жұмыстың ашықтығын және қоғамдық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда жедел басқару орталығы азаматтардың құқықтарын қорғауға және "Заң мен тәртіп" қағидаттарын нығайтуға қызмет ететін заманауи цифрлық платформа.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру