Жетісу облысында полиция заңсыз балық аулаған браконьерлерді ұстады
Жетісу облысында полиция заңсыз балық аулаған браконьерлерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы ПД табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері “Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы” мемлекеттік мекемесінің “Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел қызметімен” бірлесіп өткізген рейдтік іс-шаралар барысында, Ескелді ауданының, Ащыбұлақ су қоймасының жанында балық ресурстарын заңсыз аулау фактісі анықталды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, балық ресурстарын заңсыз аулаған 62 және 31 жастағы ер азаматтар болып шықты. Олар балық аулау үшін торды пайдаланған.
Браконьерлерді полиция қызметкерлері сол жерде ұстап, заттай дәлелдемелер ретінде: 25 балық, тор және үрлемелі қайық тәркілеген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Полиция заңсыз балық ресурстарын аулағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.