Жетісу облысында қару-жарақ сақталған орын табылды
Жетісу облысында екі тапанша, шолақ мылтық, карабин және оқ-дәрілер сақталған орын табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алакөл ауданында атыс қаруы мен оқ-дәрілері сақталған тықпа орын анықталды. Жасырын жер Алматы – Өскемен тас жолының 535-шақырымындағы жол жиегінде жабдықталған, онда полиция қызметкерлері ПМ тапаншасын, Сайга тегіс ұңғылы карабинді, екі шолақ мылтықты (сыңар ауызды, қос ауызды), жауынгерлік револьвер мен әртүрлі калибрлі 60-қа жуық патронды тәркіледі.
– Қару-жарақ пен оқ-дәрілер кенеп қапшықтарға оралып, жол жиегінен 13 метр қашықтықта жасырылған. Қазір тәркіленген барлық қару баллистикалық сараптамаға жіберілді және дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады Жетісу облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Сарқытбай Құсайынов.