Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында қауіпсіздік бойынша көптілді брошюралар әзірленді

Жетісуда полицейлер азаматтармен өзара іс-қимылдың инновациялық тәсілін енгізуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.

“Заң және тәртіп” тұжырымдамасын іске асыру аясында Жетісу облысының полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық санасын және қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған арнайы ақпараттық брошюралар дайындады.

Жобаның ерекшелігі – брошюралар бірден төрт тілде: қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде әзірленген. Бұл шешім өңірге шетелдік туристер мен көршілес елдердің жүргізушілері жиі келетінін ескере отырып қабылданды.

Басылымдарда жеке және жол қауіпсіздігі шаралары, байланыс нөмірлері, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты шағым түсіру тәртібі туралы ақпарат егжей-тегжейлі көрсетілген.

Полицейлер брошюраларды жүргізушілерге жеке өздері табыстап, жол қозғалысы ережелерін сақтау мен жолдағы өзара сыйластық мәдениетінің маңыздылығын түсіндіру мақсатында әңгімелесу өткізуде.

Патрульдік полиция батальонының өкілдерінің айтуынша, мұндай бастама азаматтардың хабардарлығын арттырып қана қоймай, мемлекеттің оң имиджін қалыптастыруға, полицияның әрбір жол қозғалысына қатысушыға ашықтығы мен қамқорлығын көрсетуге ықпал етеді.

Осындай қадамдар қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді нығайтып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттің де, азаматтардың да ортақ жауапкершілігі екенін дәлелдейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру