Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында қоғамдық тәртіпке үлес қосқан азаматтар марапатталды

Жетісу облысында қоғамдық тәртіпке үлес қосқан азаматтар марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысы полиция департаментінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді атсалысқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында тәртіп сақшыларына жәрдем көрсетіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қылмыстарды әшкерелеуге және із-түзсіз жоғалған адамдарды табуға көмектескен тұрғындарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Департамент басшылығы қоғаммен тығыз әріптестіктің маңыздылығын атап өтіп, азаматтық жауапкершілік пен қырағылықтың құқықтық тәртіпті сақтаудағы рөліне ерекше тоқталды.

— Қоғамдық қауіпсіздік – бәрімізге ортақ іс. Өз белсенді ұстанымын көрсетіп, қоғамдық тәртіпке үлес қосып жүрген әр азамат – өңір тыныштығының сенімді тірегі, — деді ведомство өкілдері.

Мұндай шаралар азаматтардың еңбегін бағалап қана қоймай, полиция мен халық арасындағы сенімді серіктестікті нығайтуға бағытталған. Жыл өткен сайын құқық қорғау саласына жанашырлық танытып, заңға бейжай қарамайтын тұрғындардың саны артып келеді. Бұл – Жетісу өңірінде құқықтық мәдениет пен азаматтық сана деңгейінің артуының айқын көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру