Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті

Жетісу облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевтың төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Күн тәртібінде өңірдегі жол-көлік оқиғаларына байланысты жағдайды тұрақтандыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қайсар Мұхметов аталған бағытта атқарылып жатқан шаралар жайында баяндама жасады.

Жол апаттарының негізгі себептері ретінде жылдамдықты арттыру, маневр жасау кезінде жол ережесін сақтамау, жол белгілеріне мән бермеу, қарсы қозғалыс жолағына шығу, сондай-ақ жаяу жүргіншілер тарапынан ережелердің бұзылуы атап өтілді.

Аталған мәселелерді шешу мақсатында 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында облыс аумағында республикалық деңгейдегі "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шараның басты мақсаты – жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерінің алдын алу және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.

Комиссия отырысында қатысушылар жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтудің, жол қозғалысы мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар жолдағы тәртіпті арттыру, қоғамдық орындарда тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтік және профилактикалық шаралардың санын көбейту қажеттілігі айтылды.

Отырыстың қорытындысы бойынша құзырлы органдарға бақылауды күшейту, алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру