Жетісу облысында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар күшейтілді
Жетісу облысында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Саданов Арман Амангелдіұлы Талдықорған қалалық полиция басқармасының профилактикалық жұмыс кабинетін аралап көрді.
Іссапардың мақсаты – құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтар деңгейін төмендету және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыру. "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Жетісу облысының барлық қала және аудандарында әлеуметтік қауіп-қатерлерге ерте ден қоюға бағытталған, кешенді көмек көрсететін профилактикалық жұмыс кабинеттері жұмыс істеп келеді.
Аталған кабинеттердің негізгі міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алу, әлеуметтік қолайсыздық деңгейін төмендету және тұрғындар арасында қауіпсіз әрі заңға бағынатын мінез-құлықтың орнықты моделін қалыптастыру. Профилактикалық жұмыстың жүйелі және нысаналы жүргізілуін қамтамасыз ету үшін бұл кабинеттердің қызметіне түрлі сала мамандары тартылған.
Атап айтқанда, психологтар, нарколог-дәрігерлер, медицина және әлеуметтік қызметкерлер, сондай-ақ полиция қызметкерлері бірлесіп жұмыс атқарады. Мұндай ведомствоаралық формат мәселелерді ерте кезеңде анықтауға және олар құқық бұзушылыққа ұласқанға дейін азаматтарға қажетті көмекті көрсетуге мүмкіндік береді.
Профилактикалық кабинеттер қызметінің негізгі бағыттары әлеуметтік және мінез-құлықтық қауіп-қатерлерді ерте анықтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қайталанатын қылмыстардың алдын алу, алкоголизм, нашақорлық және өзге де девиантты мінез-құлық түрлерінің жолын кесу, азаматтарға психологиялық, кеңестік және әлеуметтік көмек көрсету, құқықтық мәдениетті және заңға жауапты көзқарасты қалыптастыру, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайту.
Іссапар барысында Арман Саданов мамандардың жұмыс жағдайымен танысып, қызметкерлермен пікір алмасты және профилактикалық жұмыстың қалыптасқан жүйесіне оң баға берді. Ол профилактиканың қоғамдағы тұрақты қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың негізі екенін атап өтті.
– Профилактика – бұл тек құқық бұзушылықтың алдын алу ғана емес, бұл – адамдарға қамқорлық жасау, олардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Адамға неғұрлым ерте көмек көрсетсек, оның заң бұзушылық жолына түсу ықтималдығы соғұрлым азаяды, – деді Арман Саданов.
Жетісу облысында профилактикалық кабинеттер желісінің дамуы құқық қорғау қызметінің жаңа моделіне көшуді көрсетеді. Бұл модель тек құқық бұзушылықтарға әрекет етумен шектелмей, алдын алу, қолдау көрсету және қоғаммен серіктестік орнатуға бағытталған.
