Жетісу облысында құқық қорғау органдары мен жастардың қатысуымен жиын өтті
Жетісу облысында полиция қызметкерлерінің жеке құрамы, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, ішкі істер органдарының ардагерлері және №14 мектептің 6-сынып оқушылары («Жас сақшы») бас қосқан ерекше жиын өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл маңызды іс-шара қызметкерлердің кәсіби және рухани дамуына ықпал етіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, патриоттық сезім мен қызметке деген адалдықты қалыптастыруға бағытталды. Жиын барысында департамент басшылығы 2024 жылғы жұмыс қорытындыларын жариялап, алдағы 2025 жылға арналған негізгі мақсаттар мен міндеттерді айқындады.
Жиыннан кейін қатысушылар департаменттің мұражайына саяхат жасап, өңірдің ішкі істер органдарының қалыптасу тарихымен танысты. Сондай-ақ оқушыларға Жедел басқару орталығы мен «Полиция департаментінің қару-жарақ мұражайы» таныстырылып, олардың жұмысы туралы жан-жақты мәлімет берілді.
Іс-шара соңында «Жас сақшы» сыныбының оқушыларына Ішкі істер министрлігінің логотипі бейнеленген дәптерлер мен қаламдар сыйға тартылды.
Осындай кездесулер полиция қызметкерлерінің кәсібилігін арттырумен қатар, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, жастардың ішкі істер органдарына деген құрметін арттыруға және осы саланы таңдауға ынталандыруға септігін тигізеді.