Жетісу облысында құқықтық көмек көрсету мақсатында "Жолдағы қабылдау" акциясы өтті
Жетісу облысында құқықтық көмек көрсету мақсатында "Жолдағы қабылдау" акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Аймақ тұрғындарына құқықтық кеңес беру және өзекті мәселелеріне жедел жауап беру мақсатында ұйымдастырылған бұл шара аясында облыс көлемінде 15 қабылдау пункті құрылып, олар халық көп жиналатын орындарда орналастырылды. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен сенім телефондары арқылы да байланыс орнатылып, тұрғындардың белсенді қатысуына жол ашылды.
Іс-шараға құқық қорғау органдарының, қоғамдық кеңестің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, үкіметтік емес ұйымдар мен блогерлердің өкілдерінен құралған 100-ден аса маман жұмылдырылды.
Акция аясында 392 азамат қабылданды, 320-дан астам сұрақ тіркелді, олардың ішінде 50-і тікелей эфир барысында қойылды. Ең көп қойылған сауалдар автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, айыппұлдарды төлеу, мопедтерді тіркеу, көлік құралдарын қайта жабдықтау және азаматтық қаруға қатысты рәсімдерге арналды.
Азаматтар заңнамадағы өзгерістер туралы да ақпарат алып, көкейде жүрген мәселелеріне нақты жауап алды.
Шара барысында полиция қызметкерлері мен өзге де сала өкілдері тұрғындарға құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығын түсіндіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
"Жолдағы қабылдау" акциясы халықпен ашық диалог орнатуға, полиция қызметінің қолжетімділігін арттыруға және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.