Жетісу облысында рейд барысында заңсыз сауда мен қараусыз мал анықталды
Ескелді ауданында бір күнде заңсыз сауда, жол ережесін бұзу және қараусыз мал ұстау деректері анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының полицейлері "Учаске" және "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шараларын жалғастыруда. Кезекті тексеру жұмыстары Ескелді ауданының Ақын-Сара ауылдық округінде бір күн ішінде жүргізілді.
Сол күні тәртіп сақшылары 450 үйді аралап, 10 қараусыз ғимаратты тексерді. Нәтижесінде бірнеше құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, ауыл дүкендерінің бірінде алкоголь өнімін тыйым салынған уақытта сату дерегі тіркелді.
Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 12 фактісі белгілі болды:
-
5 жүргізуші көлікті уақтылы тіркеусіз басқарған;
-
2 жүргізуші жарық шамдарын дұрыс пайдаланбаған;
-
5 азамат полицияның заңды талаптарына бағынбаған.
Мал шаруашылығына қатысты тексерістер барысында да заң бұзушылықтар тіркелді. Бір қожалықта 70 бас ірі қара мен 150 бас ұсақ мал бақташысыз жайылып жүргені анықталды. Ал тағы бір қожалықта 250 бас ұсақ және 30 бас ірі қара мал болғанымен, мал иелері көрсеткен бақташылар басқа мекенжайда тіркелген болып шықты.
Бір күндік рейдтің қорытындысы көрсеткендей, түрлі бағыттағы құқық бұзушылықтар әлі де кездесуде. Полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тәртіпті нығайту мақсатындағы профилактикалық іс-шараларды жалғастырады.