Жетісу облысында шағын футболдан ауқымды республикалық турнир өтті
Жетісу облысында шағын футболдан ауқымды республикалық турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
23–24 мамыр аралығында Жетісу облысының Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты полиция департаменттері қызметкерлері арасында шағын футболдан ауқымды республикалық турнир өтті. Жарыс "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына орай ұйымдастырылып, төрағасының кубогына өткізілді.
Сайысқа еліміздің 18 өңірінен келген командалар қатысып, жоғары дайындық деңгейін, жеңіске деген жігер мен шынайы спорт рухын көрсетті. Бұл турнир ішкі істер органдары қызметкерлерінің бірлігі мен кәсіби адалдығының айғағына айналды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды: I орын — Жетісу облысы полиция департаментінің командасы, үздік үйлесімділік пен тактикалық шеберлік танытты; II орын — Қостанай облысы полиция департаментінің командасы; III орын — Алматы облысы полиция департаментінің командасы.
Жекелеген номинациялар бойынша үздік ойыншылар да марапатталды: үздік қақпашы — А. Герфарт, Қостанай облысы ПД ЖҚАЖ аға инспекторы; үздік шабуылшы — Н. Нүсіпжанов, Алматы облысы ПД ЖҚАЖ аға инспекторы; үздік қорғаушы — Ж. Айсеев, Ақтөбе облысы ПД ЖПҚБ аға учаскелік инспекторы; ең нәтижелі ойыншы — Г. Дүзгенбеков, Жетісу облысы ПД ЖҚАЖ инспекторы.
Қалған командалар жеңіске деген ұмтылысы, ұйымшылдық пен белсенді қатысқаны үшін ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Мұндай ауқымды жарыстар – тек спорттық дода ғана емес. Бұл – полиция қызметкерлерінің күш-жігері мен бірлігін көрсететін маңызды іс-шара. "Динамо" қоғамының 100 жылдығында өткен бұл турнир құқық қорғау жүйесіндегі спорттық дәстүрлердің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.