Жетісу облысында студенттерге есірткі қылмысының алдын алу бойынша профилактикалық дәріс өтті
Жетісу облысында студенттерге есірткі қылмысының алдын алу бойынша профилактикалық дәріс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері наркологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңеспен және дәрігер-наркологпен бірлесіп Агротехникалық колледж студенттеріне арналған профилактикалық дәріс өткізді.
Іс-шараның мақсаты — жастар арасында есірткіге байланысты құқықбұзушылықтарды алдын алу, сондай-ақ өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру. Кездесу барысында студенттермен ашық әрі мазмұнды әңгіме өрбіп, жасөспірімдерге есірткі заттарын сақтау, пайдалану және таратуға байланысты құқықтық салдарлар жан-жақты түсіндірілді.
Полиция қызметкерлері мен мамандар заңсыз есірткі айналымына тартылудың нақты қауіптеріне назар аударып, айналадағы деструктивті ықпалды қалай тануға болатынын және қылмыстық схемалардың құрбаны болмаудың жолдарын айтып берді. Дәрігер-нарколог есірткіге тәуелділік адамның денсаулығын ғана емес, оның әлеуметтік байланыстарын, білімін және өмірлік жоспарларын да күйретіп, көбіне болашақты жолдың басында-ақ жоққа шығаратынын атап өтті.
Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты — жастарды зиянды әдеттерден қорғау, олардың денсаулығын, қауіпсіздігін және ертеңгі күнге деген сенімін сақтау.
Нашақорлықпен күрес — тек құқық қорғау органдарының ғана емес, мемлекет, қоғам және отбасының ортақ жауапкершілігі. Өйткені есірткісіз болашақ әрбір адамның саналы таңдауынан басталады.
