Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді

Жетісу облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыс жалғасуда. Полиция департаменті биылғы жылдың 11 айындағы нәтижелерді қорытындылап, өңірдегі басты міндет – әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқиғаларға дер кезінде ден қою және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру екенін атап өтті.

https://youtu.be/GWN-O-jSHD4?si=DY0M-DyfsTPbbKap

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері 2 мыңнан астам қорғаныс ұйғарымы шығарылған. Алайда олардың 119-ы бұзылған. Сот 423 адамға ерекше талаптар белгіледі, бірақ бұл шектеулер 156 жағдайда сақталмаған.

Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 36 әйел мен 100 бала дағдарыс орталығына жеткізіліп, қажетті көмек көрсетілді.

Талданған деректерге сәйкес, отбасылық жанжалдардың негізгі себептері – алкогольдік масаңдық, өзара түсініспеушілік, қызғаныш және жақын туыстардың жеке өмірге араласуы.

Өңірде профилактикалық жұмыстардың ауқымы кеңейтілуде. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 875 ақпараттық материал жарияланып, түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды.

Сонымен қатар "Жәбірленушілерге арналған әрекет алгоритмі" әзірленіп, онда көмек алу жолдары мен шұғыл байланыс нөмірлері көрсетілді.

Қайталанатын құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Ал "Бақытты отбасы — бақытты ел" акциясы аясында әлеуметтік эксперименттер өткізіліп, отбасылық құндылықтар мен қауіпсіздік мәдениеті кеңінен насихатталды.

Жетісу облысының полициясы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидатын ұстанып, отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Мамандардың айтуынша, негізгі мақсат – әрбір азаматтың құқығын қорғау, қоғамда мейірім мен өзара сыйластыққа негізделген орта қалыптастыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру