Жетісу облысында жас жүргізушілерге арналған профилактикалық акция өтті
Жетісу облысында жас жүргізушілерге арналған профилактикалық акция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жастар арасында рөлге деген жауапты көзқарасты қалыптастыру бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Әсіресе қысқы кезеңде, ауа райының қолайсыздығы жол-көлік оқиғаларының қаупін арттыратын шақта мұндай профилактикалық бастамалардың маңызы ерекше.
Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚО) арнайы алаңында полиция қызметкерлері "Көктайғақ — ойыншық емес" атауымен профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Акцияның негізгі мақсаты — жас жүргізушілерге тайғақ жол жағдайында қауіпсіз қозғалу тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Іс-шараға "Түлек" автомектебінің өкілі де қатысып, кәсіби тәжірибесіне сүйене отырып, жүргізушілерге пайдалы кеңестер берді.
Жабық алаңда өткен практикалық сабақ барысында мамандар көліктегі тежегіштердің бұғаттауға қарсы жүйесінің (ABS) жұмыс қағидатын көрнекі түрде көрсетіп, төтенше жағдайда тежеу кезінде оның артықшылықтарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ көктайғақта көлікті дұрыс тоқтату әдістеріне ерекше назар аударылып, жиі жіберілетін қателіктер мен көлікті басқарудағы маңызды қағидалар айтылды.
Жас жүргізушілер теориялық мәліметтермен қатар, әртүрлі тежеу тәсілдерін өз бетінше сынап көріп, тайғақ жолда көліктің әрекетін іс жүзінде сезіну мүмкіндігіне ие болды. Мұндай тәжірибелік формат жүргізу дағдыларын жетілдіруге және рөлдегі сенімділікті арттыруға ықпал етеді.
Осындай профилактикалық іс-шаралар қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Олар жас жүргізушілердің білімін арттырып қана қоймай, ең бастысы — өз өмірі мен жол қозғалысының өзге қатысушыларының қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті күшейтеді.
